16.05.2022
  380


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Қыздар жайлы хикаялар

Бірінші өлең
Айттырып боз ат мінген жігіт келді,
Сұлуды көндірем деп үміттенді.
Тимеді.
Ақ боз атын ойнақтатып
Қызық қуып кетер деп күдіктенді.
Сөз айтты шофер жігіт ұнады деп,
Машина үй маңына «сынады» кеп.
Сұлу қыз мұрнын басты, көзге ілмеді,
Үстінен майдың иісі шығады деп.
Мінезін қыз қалқаның халық көрді.
Сұлу ғой!
Сұлуға адам жағып па еді?
Бір күндер ата-анама таныс бол деп,
Ән салатын жігітті алып келді.
...Өтті айлар, зуылдаған байтақ ағын,
Жүректің кетті ағызып айтар әнін.
Білмеді сорлы сұлу өкінерін,
Тым ерте қызғаныштан қартаярын.
Қайтып кеп әке үйіне отырды енді,
Бұл уақыт ескермейді өкінгенді.
Сұлуды аяған жұрт не демекші,
Махаббат деген осы соқыр деді.
Екінші өлең
Ата-ана осыған да тәуба десіп,
Ырымға сұрап алған жалға бесік.
Тұрмаған балалары бір ұяның,
Кезі еді Сарқыт сұлу қалған өсіп.
Басталды сол қыз үшін ерте көктем,
Басына шарқат тақты бөртелеткен.
Мінезі еркекшора бойжеткенді
Бар ауыл аянышпен еркелеткен.
Көзіне мезгіл-мезгіл ыза тұнған,
Бәрібір айықпады қыз атынан.
Қалдырып туған үйін, ата-анасын,
Ол дағы қош айтысып ұзатылған.
Қазақтың пейілі тар,
даласы кең!
(Мен кейде керісінше таласып ем).
Сойқандау көрші ауылдың бір жігіті
Сарқытты алып қашты баласымен.
Ұяттан ата-енесі жылап қалды,
Өсектен аймақ түгел құлақтанды.
Қылығын шолжаңдаған келіншектің
Сол сойқан жан-тәнімен ұнатқан-ды.
Іздейтін жоқ деп қыздың бауырлары
Жүрегі руластар ауырған-ды.
Таңданып бұл сезімге естігендер,
Тағдырға мойынсұнған ауыл қалды.
Үшінші өлең
Қазақтың ұмыттырып қатын атын,
«Жоғары шық» деп бәрі шақыратын.
Төрінде дастарханның тайраң қағып,
Ұзақ жыл бір келіншек отыратын.
Жас еді келіншектің өңі бізден,
Сонда да орын бердік төрімізден.
Өйткені тиген жары беделі мол,
Жасы да үлкен еді бәрімізден.
Ол бұрын бәрімізден сөз алатын
Бөз мата жамылғандай базар атын.
Менменшіл бұлғақтаған өктем жігіт
Қайны боп қалғанына бозаратын.
Күн күліп тұрғанымен аспаныңда,
Көрдік қой, оны да бұлт баспады ма.
Келіншек қас қағымда жесір қалды,
Дүние шыр айналды қас қағымда.
Тауқымет қыспаққа алды бұраң белді,
Күлмеді. Ол күлкіге құмар еді.
Жұрт болса:
«Көріп еді талай қызық,
Есесін құдай алған шығар» деді.
Төртінші өлең
Сұлу еді ол,
Сылаңдаған ерке еді.
Ата-ананың
Көз қуаныш көркемі.
Ерте бітті,
Аяқталды қыз дәурен
Секілді бір
Кеште көрген ертегі.
Үркек еді,
Еліктейін сезікті.
Қыз дәуреннің
Қадірін де тез ұқты.
Жарқын мінез,
Жайдары еді жаны да,
Би залында
Бір дөрекі кезікті.
Жүректегі
Алау отты сөндірді.
Нәзік жанға
Қара аспанды төндірді.
Жуан білек,
Суық жүрек әдепсіз
Бағындырды,
Айтқанына көндірді.
Ауыл оны
Үлбіреген гүл деген.
Солдырады-ау
Бағып күте білмеген.
Ұққан жанға
Паш етеді бар сырын
Жанарында
Тұнып қалған мұңменен.
Бесінші өлең
Жігітке сеніп қалған
Гүл сыйлап киіндірген.
Сезімге көніп қалған,
Ішіне құйын кірген.
Жүкті де болып қалған,
Онысын кейін білген.
Алар деп селкілдеді,
Батты енді Айы мұңға.
Баланы дертім деді,
Бел буды айығуға.
Сәбиді суға тастап,
Былғады Жайығын да.
Кеш ұқты еркелетіп,
Еш адам сүймейтінін.
Етегін дөңгелетіп
Той көйлек кимейтінін.
Бір сәби төсін иіскеп,
Анам деп білмейтінін.
Бақытсыз маңдай мына
Деп өзі жар салмайды.
Думанға бармайды да,
Бұл күнде ән салмайды.
Еш адам қош демейді,
Еш адам қарсы алмайды.
Жас дәурен жалындаған
Жоқ бүгін келбетінде.
Уақыт-ай табылмаған
Тал бесік тербетуге.
Еш адам сағынбаған
Өмір бар жер бетінде.





Пікір жазу