16.05.2022
188
Ас беру
Жеті атасын білмей келген жетесіз,
Есін жиып кірген болды санаға.
Атасына ас беруді айналдырды модаға,
Әр қалталы өзі оқытты құранды.
Сонда қалай,
Бір ұрпақта бірнеше ата бола ма?
Бәсекешіл болып алды мына ел,
Әр рудан аңыз болып шығады Ер.
Тыңдап кетсең бәрі тұлпар мініпті,
Ең қызығы, бәрінікі – Құлагер.
Ал сен оған мақтау сөзді ұра бер.
Ата-анасын жазды біреу томдарға,
Теңестіріп тектілігін хандарға.
Ақшақұмар берекесіз баспагер
Төбеттерді теңестірді арланға.
(Дейтін жан жоқ сандалма).
Қайран қазақ, далаңдасаң далаңда,
Бас сауғалар пәтер жоқ қой балаңда.
«Сиыр сатам, ас беремін әкеме,
Мен анадан қалам ба?!»
Деп білегін сыбанады алаңда...