16.05.2022
216
Тау гүлі
Сен – тау гүлі, мен – елік даладағы,
Екеумізге жол да алыс арадағы.
Екеуміздің тіліміз екі бөлек,
Бірақ бірдей жүректің жаралары.
Сенде – авар, ал менде – қазақ қаны,
Ортақ бізге қысқы аяз, жаз аптабы.
Сенің әйел жаныңды жүдететін
Ауыр ойлар мені де азаптады.
Айта алмаймын қашқанын неден мазам,
Азайған да кез болды менен наз-ән.
Сен сияқты мен де, апа, жылап, күліп,
Бесік тербеп отырып өлең жазам.
Түсінікті бір саған күйім бүгін,
Ой шаршатқан қабақта түюлі мұң.
Сен білесің біздерге сәби-жырды
Толғатудың қаншалық қиындығын.
Бақыттыға жұрт бізді балайды екен,
Құбылыс деп бір оқшау санайды екен.
Сен айтшы, апа, жар болу, ана болу,
Ақын болу әйелге оңай ма екен?!