16.05.2022
183
Көш басы
Білмеймін жалқымысың, дарамысың,
Білмеймін біз көрмеген Сарамысың?!
Әйтеуір көз ашқалы шыңда тұрған
Қазақтың қыздарының жалауысың.
Жалқысың, зердең – жүйрік, атың – бөлек,
Дарасың, сөз бастайтын батыл кенет.
Мәншүктей батыр қызды жыр-бесікте
Тербеуге, апа, сіздей ақын керек.
Зергерсің сөзден соққан асқан өрнек,
Шеберсің өлең құйған дастан өңдеп.
Жыр көшін өзің батыл бастамасаң,
Мүмкін біз бұл өнерден жасқанар ек.
Аналық мейірімді жүрекпенен,
Үлгі етіп жақсы өмірді жыр еткен ең.
Ақындық жолыңды да қалап алдық,
Өзіңдей болсақ деген тілекпенен.
Ақ тілеу жырларыңмен таңдарға алға
Жалғасып самға, апа, заңғарларға.
Дәл сіздей ана атанып, ақын болып,
Дәл сіздей өмір кешсек, арман бар ма?..