16.05.2022
  147


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Абылай алаңы

Абылай ханның алаңын
Көмкерген тау мен қарағай.
Тәкаппар туған адамын
Кеңпейіл менің далам-ай!
Сұлулық сыйлап қазаққа,
Кеңпейіл болған Тәңір де.
Айналып кейін мазаққа,
Өзіміз бұзған бәрін де.
Тұлпарды сатып жәй атқа,
Қамқа тондарды қор еттік.
Таптатып жалаң аяққа,
Алаңын ханның жол еттік.
Хан ішкен алтын кесені
Іздеген жоқпыз, таппадық.
Тексіз деп әке-шешені,
Кеудені соқтық мақтанып.
Алаңға, ханға билермен
Ескерткіш әлі-ақ ашармыз.
Тіріні сыйлап үйренбей,
Әруақты тастан қашармыз.
Құлыны озса жабының,
Амал не, тұлпар тұяқтан?
Жырласам заман ағымын,
Сұрланды тастар ұяттан.
Көкшенің көрдім шынарын,
Жәй кеуде ұқпас наз әні-ай.
Тектіден текті туарын
Айта алмай жүрген қазақ-ай!..





Пікір жазу