16.05.2022
182
Жалғыз сөз
Мен емес досқа тапшы жан,
Сырым жоқ, апа, жасырын.
Бұл күнде талай жақсыдан
Естідім сөздің асылын.
Жүздері жарқын күлімдеп,
Жақыным болған жат адам.
Арқадан қағып «күнім» деп,
«Алтыным» деп те атаған.
Бақыттан ерте үміткер
Сыр айтып өлең жазғанда.
Теңеген ақын жігіттер
Қарлығаш, аққу, қазға да.
Көтерген ерке назымды
Жеңге бар елде көз көрген.
Есімім айқын жазулы
«Ақсәулем» болып өзгерген.
Толы бір сиқыр сезімге
Естірмін теңеу әлі де.
«Құлыным» деген сөзіңе
Жетпейді-ау соның бәрі де.