16.05.2022
  211


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Жағдайың қалай, Жайығым?!

Жағдайың қалай, Жайығым?!
Көбейіп кетті-ау уайымың.
Алдында туған еліңнің
Жоқ еді-ау сенің айыбың.
Жағдайың қалай, Жайығым?!
Сән беріп едің жағаңа,
Ән болып тарап далаңа,
Жылдардың сынын көтермей,
Сарқылып арнаң бара ма?!
Шошынды-ау сенен шағала.
Тайыздау жерің лайлау,
Жарқабақ тозған құлайды-ау.
Анау бір соқыр кемпірден
Сұрасам халін жылайды-ау.
Жарқабақ тозған құлайды-ау...


Көктемде арнаң жылынар,
Көкке ұшар бу боп сулы қар.
Су ішкен сенен тұлпарды
Соғымға сойды ұрылар.
Көктемде арнаң жылынар.
Жағдайың қалай, Жайығым?!
Көбейіп тұр-ау уайымың.
Алдында туған халқымның
Менің де жоқ қой айыбым.
Жағдайың қалай, Жайығым?!





Пікір жазу