16.05.2022
  125


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Егер біздің қазақтың...

Егер біздің қазақтың:
Көп оқыған бабасы ғалым болса,
Жаңа туған баласы дарын болса,
Қыздарының барлығы ару болса,
Көргенсізге бұл қазақ зәру болса,
Өз ұлының өскенін күндемесе,
Тұрмысы шат көршісін тілдемесе,
Ру санап жан-жаққа бөлінбесе,
Тегіс қазақ Даласын Елім десе,
Атқа мінген ардақтап азаматын,
Кірлетпесе еш жерде қазақ атын,
Шетелдіктің өзгеріп көзқарасы,
Өз байлығын билесе өз баласы,
Құлақ асып жарлының шағымына,
Мастанбаса қалтаның қалыңына,
Арман қуып шетінен қанаттанса,
Өлең оқыр бәрінде сауат болса,
Қастерлесе ерлерін еңіреген –
Сол кезде мен жарылып қуаныштан,
Сенше, Жайық, арнамнан төгілер ем!..





Пікір жазу