16.05.2022
  175


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Қасқыр

Өтетін сырт айналып мұнар белді,
Соқпақты дала жолы бұраң еді.
Жүйткіген машинаның алдын орап
Бір қасқыр қыр астынан шыға келді.
Мәз болды мұны көріп шеткі жігіт,
Қызынып денесіне от жүгіріп,
Жолшылар қиқуласып машинамен,
Жолсызбен сол қасқырды кетті қуып.
Білдірмей қуғыншыға ешбір елең,
Құбылып қылау жоны кешкі желмен,
Барады, енді қайтсін, бұл өңірде
Қасқыр соққан жүйрікті естімеген.
Жігіттер қару етіп шыбық, талды,
Жолдан шығып кеткенді ұмытқан-ды.
Бір сайдың жағасында орға түсіп,
Машина оталмастан тұрып қалды.
Кеш түсті әуреленіп жүргенінде,
Табарға қандай амал білмеді де.
Жаңағы қасқыр қуған кереметтер
Жаяулап кетті тартып үйлеріне.
Келер күн бейхабардай ештеңеден,
Көмекке машина алып түсте келген.
Жігіттер сол қасқырдың ізін көрді,
Кузовты әр жерінен тістелеген.
Қуғанын ізге түсіп кектеді ме,
Жоқ өзі тағдырына өкпелі ме –
Жігіттер қарап тұрды қайран қалып
Кеміріп қарағайды кеткеніне.
Гүрілге тыныштығын бұзған мына
Кім білсін кектенді ме, сызданды ма?!
Қорыған шығар, мүмкін, бөлтірігін,
Жоқ, әлде кең даласын қызғанды ма?..





Пікір жазу