15.05.2022
118
Қайың күйі
Өзгермейтін тәкаппар қалпы мына,
Дір етпейтін аяздың салқынына.
Мынау жаздың аптабы қиын соғып,
Шөлдеп тұрды қайыңның балтыры да.
Соқты аңызақ, түннен де сәл ығыспай,
Ақ қайыңнан ақ сәуле жарық ұшпай.
Бір тамшы су аспанға телміртеді,
Қақыратқан жүректі сағыныштай.
Содан бір күн сағынтқан нөсер құйды,
(Кейде осындай нөсер де кесел дейді).
Нәзік қайың шынында өз басынан
Бірінші рет өткерді есер күйді.
Құйды нөсер, шаққа оны құлатпады,
Көшті аңызақ, бәсеңдеп күн аптабы.
Шөлдеп тұрған бейкүнә жапырақтар
Сол жауынның соңынан жылап қалды.