15.05.2022
  166


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Жұмбақтас

Аспанға да, асқарға да тіл қатпас,
Батырмен де, ақынмен де сырласпас.
Жалғыздықтың қасіретін көп көріп,
Тасқа айналған арумысың, Жұмбақтас?
Тасқа айналсаң, бар қайғыға шыдарсың,
Сенен жағдай сұрамайды мынау шың.
Іштей жылап Көкшетаудың қойнына
Көз жасыңнан көл жасаған шығарсың.
Көрдің бе екен бұл өмірдің жалғанын,
Махаббаттың сатқындығын, алдауын?!
Билік, байлық, алтын тақ та бір күнде
Хандар менен әулиеден қалғанын?!
Шындықты айтсаң, шырылдай ма дауысың,
Бағындыру қайда мынау тау ішін?!
Ұйқыдағы жатқан «Жеке батырды»
Оятуға жібермей ме намысың?!
Қолдау көрмей адамнан, не аспаннан,
Күдер үздің және сатқын достардан.
Барымтада жау қолында кеткенше,
Артық па екен туған жерде тас болған?!
Батырға да, ақынға да сырды ашпас,
Бүгін сені қуаныш та, мұң баспас.
Мен болжасам, елін сүйген қазақтың
Тасқа айналған аруысың, Жұмбақтас.





Пікір жазу