15.05.2022
  164


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Тапсырма

Кейін бір сапарға шығарда
Шақырып алды анам жанына.
Аналық жүрегі шыдар ма,
Жылар деп ойладым тағы да.
Жоқ, анам бұл жолы ойлана,
Қарады сабырлы мейірмен.
Шашымды сипады жай ғана,
О, ғажап, бас тартты сүюден.
Хат жаз деп өзіме, көршіге
Тапсырып жатпады әр нені.
«Сен үйден кетерде еншіге
Өз ана тіліңді ал!» – деді.
«Өзгеріп кетерсің өзің де,
Өзгерер бұрым мен көйлектер.
Бірақ сен оралған кезіңде
Өз ана тіліңде сөйлеп кел!
Тіліңді ұмытсаң, оралма,
Болсын тек жұрт тыныш, ел аман.
Сен мені іздеме одан да,
Атымды атама!» – деді анам.





Пікір жазу