15.05.2022
172
Қарлығаштың бұзылған ұясы
Еске түспей кең жайлау дала бары,
Жеткізбестей алыс жол арадағы.
Ұшып келіп, қарлығаш, ұя салдың
Балконына ескі үйдің қаладағы.
Бастамақ боп тірліктің қызық әнін,
Ұя соқтың тыншымай ұзына күн.
Білген жоқсың, сонда сен сезген жоқсың
Көп кешікпей бұл үйдің бұзыларын.
Деп келіп ең құтты бір қоныс табам,
(Балкон салып саған шын болысты адам).
Сол адамдар қолымен құлады ұя,
Балапандар ай-күні толыспаған.
Естіместен шырылын балалардың,
Жасын төгіп қасірет, нала, зардың.
Құлап түскен ұяны көріп тұрып,
Шарасыздан шырылдап қала бардың.
Келер күн боп үмітті жалғайды арман,
Тәтті қиял қанатын самғайды алдан.
Кейде өте қатыгез тағдыр деген
Тұрады екен күтпеген жағдайлардан.