15.05.2022
208
Боз жусан дала, бозаң қыр
Боз жусан дала, бозаң қыр,
Тірлікте жоқ-ау мазаң бір.
Алыстап кетсем өзіңнен,
Сағыныш атты жазам жыр.
Сөз таппай қалам мақтауға
Қызғаныш қысқан шақтарда.
Қыранға қимас қырыңнан
Қарғалар ұшып жатқанда.
Кеңсің-ау қыста, жазда да,
Жатасың кербез наздана.
Жылан да жылы ұясын
Салады саған, боз дала.
Шындықпен жаны өштер де,
Алдаумен өмір кешкен де
Мекендеп сені жүреді,
Өгейлік көрмей еш пенде.
Өзіңде тау да, көлдер де,
Көк майса жапқан белдер де.
Пана боп, барлық жәндікті
Сыйғызды сендік кең кеуде.
Боз жусан дала, боз белдер,
Құландар еркін кезген жер.
Маңқиған дала-мінездің
Қадірін аздау сезгендер.