15.05.2022
  157


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Бала екен-ау дүниенің бар асылы...

Бала екен-ау дүниенің бар асылы,
Еркелігі – тірліктің жарасымы.
Кенже қызда жүр менің бар қылығым,
Сенің қоңыр көзіңнің қарашығы.
Бүгін қожа бізге сол шыбындай қыз,
Соны иіскемей кей кезде жылынбаймыз.
Римдегі алғашқы общинадан
Сатып алған еріксіз құлындаймыз.
Сол жұмсаса кетеміз жеміс теріп,
Көрген жоқпыз бір ісін теріс көріп.
Ол ауырса – бір уыс тірлігіміз,
Ол сауықса – шаруамыз тегістеліп.
Шалқияды онсыз да келте мұрны,
Қайта оқимыз жатталған ертегіні.
О, адамдар, сәбиге жарасады
Балалықтың алаңсыз еркелігі.





Пікір жазу