meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  15.05.2022
  184


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Әуенін бозторғайдың дала тыңдар...

Әуенін бозторғайдың дала тыңдар,
Демейді ол биік ұшар қанатым бар.
Ешкімге ақынмын деп таныспадым,
Жетер деп менсіз де төс қағатындар.
Жан сырын жайып салдым өлеңіме,
Жыр ұққан салар ойдың елегіне,
Сөзіңді түсінбейтін бәз біреуге
Шапқылап мойындатып керегі не?
Шын сезім, адал пікір артта қалып,
Көлгірсіп кейбіреудің мақтары анық.
Не жайлы жазғаныңды білмей тұрып,
Елпілдер ат-жөніңді жаттап алып.
Жоқ менде көп құттықтау мазаны алған,
Жоқ менде ерсі мінез азаланған.
Санаулы шын сыйласар достарым да
Екшелген, желөкпеден тазаланған.





Пікір жазу