15.05.2022
  174


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Жас ақын қызға

Суреттеп беру үшін таңның нұрын,
Қорықпай жыр қаламын алдың бүгін.
Мінің жоқ, арманым боп алыс қалған
Сенде жүр менің сонау балғын күнім.
Демедім болдың жырға бекер алаң,
Қайсарсың сын бөгеттен өтер аман.
Жүзіңе қуанам да жырларыңнан
Мен сонша қорқам, әрі секем алам.
Гүл теріп сұлу белде жүрдің бе, айнам,
Сонда да айыға алмай тұрдың ба ойдан?
Сары ауыз, жаутаң жанар балапаным,
Қасірет, өлім барын білдің қайдан?
Үлгермей басталып та сайран күнің,
Ақ жүзден жазасың әр тайғандығын.
Сен осы ап-азғантай ғұмырыңда
Өмірдің ащы жағын қайдан білдің?
Тербелмей бал сезімнің құшағында,
Ойлардың құрбан болып тұсауында,
Жазасың от махаббат суынарын,
Жазасың бақ құсының ұшарын да.
Алаңсыз тыңдамайсың бұлақ әнін,
Сезесің жесірдің де жылағанын.
Балдәурен күндеріңді аяймын да,
Ертерек есейгенге қуанамын.
Жыл өткен шат думанмен бақыт балдай,
Біз өстік шарап дәмін татып та алмай.
Ал сені жүйрік ғасыр қысты ма екен,
Аңқау боп еркелеуге уақыт қалмай?
Біз жүрдік еркін тыңдап бұлақ әнін,
Отырдық сөзін жаттап ғұламаның.
Кім білсін, жұмбақ сынды келер ғасыр
Сендерден кімді жасап шығарарын?
Ақындық белестерің қанша уайым,
Бас сүйер жарар еді-ау болса ағайын.
Сайрап қал, ерте есейген бейнетқорым,
Сүйсініп табысыңа қол соғайын.





Пікір жазу