15.05.2022
625
Хамза Есенжановқа
Ақ таңда айығар ең ойдан әрең,
Нүктесін шығармаңның қоймаған ең.
Халқыма ұл болсам деп армандадың,
«Халық жауы» болам деп ойламап ең.
Сор болды-ау «отыз жеті» мынау елге,
Далада Ару қаңғып, жылады Ер де.
Өзіңді пірдей тұтқан дәрігер қыз
Қартайды еріп жүріп лагерьде.
Бостандық саған, әттең, кеш берілді,
Түрмеге үйретті еркін өскен ұлды.
Сұм отыз жетінші жыл бүлдірмесе,
Біздермен тойламас па ең сексеніңді?!
Соңыңа лауазым мен атақ еріп,
Томдарың жылдарыңмен қатар өріп,
Ата боп немереге отырмас па ең,
Бұл күнде төрімізде бата беріп?!
Ел бірақ ұмыта алмас жарқын ұлды,
Таланттың кім екенін халқы білді.
Арманың үндес еді Ақ Жайықпен,
Жайықтың мүмкін емес сарқылуы.