Теңіздегі көңіл-күй
Қара теңіз демалысқа тамаша,
Жағалау бар ойға батсаң оңаша.
Тербетіліп бұйра толқын жалында,
Ақ тамшыға қуанасың балаша.
Көз тоймайды көгілдір тау көркіне,
Көгілдір су шипа болып дертіңе.
Әсерлі әуен, әсем өмір құшағы
Сергітеді бағындырмай еркіңе.
Бәрі әдемі – көгілдір тас, қалың құм,
Әуен дерсің тау суының ағынын.
Ал мен болсам ауылдағы жеңгемнің
«Қыз-ау» дейтін жалғыз сөзін сағындым.
Самал сүйіп,
Толқын тербеп жатырмын,
Дала кезіп жүр қиялы ақынның.
Келді сонда өз анамның тілінде
Әзіл айтып, әңгіме айтып отырғым.
Құлағыма әні келді Шәмшінің,
Даусы келді қиқулаған аңшының.
Кеудем толды, жетіспей тұр туғандар
Өз тілімде ақтаратын жан сырын.
Өлшеу қиын сағыныштың шыдамын,
Ұзарып та кеткендей ме мына күн.
Бөлсе егер ана тілден, анаңнан,
Адам үшін қажет болмас жұмағың.