15.05.2022
  176


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Ақбақай көлдің жағасы

«Ақбақай» деген бұл жер көл болыпты,
Жағалай Ақбақайды ел қоныпты.
Онда да бірден біреу кем болыпты,
Онда да бірге біреу тең болыпты.
Сең көшіп, суға толып өткелдері,
Құс келген думандатып көк пен жерді.
Қиқулап қаздар қайтқан күз келгенде,
Көлдің де өткен бастан көктемдері.
Малды ауыл жаз жайлауға көшіп жүрді,
Өмірге сәби келді, есін білді.
Сол жерде той да тойлап бабаларым,
Өткізді кейде ауырлау Мешін жылды.
Қайтпаған қайсар өткен алған беттен,
Сері өткен ел қыдырып тарланкөкпен.
Махаббат күйін кешкен түрліше әркім,
Талайы Айнамкөздің арманда өткен.
Кедейдің кешсе біреу ауыр халін,
Таланттың көмейінен ағылған үн.
Олар да наз айтысып, жылап, күліп,
Даланың бастан кешкен дауылдарын.
Сұлулар Ақбақайдан су алыпты,
Кей жігіт күте алмаған құдалықты.
Бәріне іңкәр көңіл ғашық жастар
Жыңғылдың гүліне де қуаныпты.
Өтіпті талай боздақ ардақталған,
Үлесті тағдыр бірақ таңдатпаған.
Бай Медет отыз ұлы болып тұрып,
Кейіннен «Ой, Зәуреш» деп зарлап қалған.
Дауысы елден ерек, аспандаған,
Ешкімге жағынбаған, жасқанбаған.
Мұхиты Мералының келмейінше,
Бұл маңның той-жиыны басталмаған.
Онда да әңгіме-аңыз қозғалады,
Онда да өткен талант сөз болады.
Алқа топ отырады қызық көріп,
Ортаға ап Мұхит деген бозбаланы.
Үйреніп оның әнін әрбір ұлан,
Даланың естіледі ән әр қырынан.
Осылай кеткен кезіп аспан астын
Кеудені жарып шыққан жаңғырық өн.
Жоғалмас «Айнамкөзді» шырқатқан күн,
Сүйген жар кеудесіне гүл таққан күн.
Өмір де, асқақ ән де қайталанып
Келеді ғұмырымен ұрпақтардың.





Пікір жазу