15.05.2022
  223


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Әділет

Әділет – қастерлі ұғым санамдағы
Құштар-ау адамдардың саған бәрі.
Еңлікгүл тәрізді биіктесің,
Кез келген белді буып бара алмады.
Келмей ме әлде сендік жол да ыңғайға,
Сен жоқта ызғар гүлді тоңдырмай ма?
Абыройлы жігітке олақ әйел
Жолыққан кеште өзің болдың қайда?
Пәленің кесе алмадың ала жолын,
Жақсының байлады бір бала қолын.
Әділет, сен жоқ жерде жоқ талайға
Тірінің төрі түгіл, молада орын.
Әділет – қастерлі сөз алты-ақ әріп,
Күнәңді талай жерде арқаладық.
Бетпе-бет бір жолықшы, тым болмаса,
Оңданып отырайық ортаға алып.
Ішінде ең күрестің де, жеңістің де,
Сұмдықпен шаршап кейде келістің бе?
Сен маған жолығарсың, жолықпассың,
Әйтеуір, болсаң екен жер үстінде.





Пікір жазу