15.05.2022
  180


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Бүркіт пен қарға

Азайып жарқыл көзінде,
Қажытып тірлік өзін де.
Шықты аңға бүркіт көңілсіз
Шау тартып қалған кезінде.
Мәз емес тоя жегенге,
Құмар ол осы өнерге.
Кім білсін, тозған тырнақтың
Бүруге әлі келер ме?
Оңай іс еді-ау ілкіде,
Қалмас па енді күлкіге?
Әйтеуір, ойы бүркіттің
Бір рет түсу түлкіге.
Құбылып түрлі сан алуан
Үстінде қардың ағарған
Ең соңғы қайрат-қуатпен
Түлкіні бүру – бар арман.
Айнала қарап таңдана,
Қанатын жиып қомдана,
Шалғанда көзі түлкіні
Жолығып қапты қарғаға.
Қарқылдай қарап жан-жағын,
Бір шоқып көзі шалғанын.
Өкініш те жоқ, арман жоқ,
Құштары жоқ қарғаның.
Білмейтін жемнен басқаны,
Екі жүз елу жастағы
Қарғаға бүркіт таңданып,
Былай деп сөзін бастады:
– Төменді шолып көзбенен,
Самғап бір кеткен кезде мен
Өмірдің отыз көктемі
Өтерін әсте сезбеп ем.
Ал енді менің мөлшерлі,
Отызым өтті өлшеулі.
Біткені мендік ғұмырдың
Көтертпей қойды еңсемді.
Байқаймын, тозды жанарым,
Көрмеймін аңын даланың.
Түлкіге түсіп соңғы рет,
Өлуге кетіп барамын.
Аз ғана осы өмірден
Биіктен әр кез көрінгем.
Ал, айтшы, саған неліктен
Үш жүз жыл ғұмыр берілген?
Тәтті ғой тірлік қашанда,
Есі бар одан қашар ма?
Не сыр бар айтшы, қайткенде
Болады ұзақ жасауға? –
Білмейді ол өмір өтерін,
Тірліктің мәні не екенін.
Ұққаны оның тек қана –
Бүркіттен үлкен екені.
Білмейді ол шың мен құз барын,
Айырмас тәтті, тұз дәмін.
Тілеп те алған жоқ қарға
Өмірдің мәнсіз ұзағын.
Қарға айтты:
– Түгел есебім,
Күрессіз өмір кешемін.
Өлексе – менің тамағым,
Жылы қан – сенің кеселің.
Не керек аңмен алысып,
Қайратты бойда тауысып?
Тұрғанда дауыл бұтаның
Ығында қалам жабысып.
Жігерін жұрттың қоздырып,
Ісіңді көпке сөз қылып.
Топшыңды бекер қандапсың,
Тырнақты босқа тоздырып.
Мен емес әуес ондайға,
Шықпаймын қарсы торғайға.
Өлексе ізде, алыспай,
Тамағың тойса болмай ма? –
Бүркіт сәл бұған қиналды
Кетуге ұшып жиналды.
Тәтті ғой тірлік, сондықтан
Сөзіне қарға иланды.
Тым ерте сонда өлмек пе?
Ойланды сөзге көнбекке.
Аттанды бірге қарғамен
Өлексе шоқып көрмекке.
Түлкі алу – мәңгі мұң болу,
Өлексе шоқып, күн көру.
«Жо-жо-жоқ...» деді өр көңіл,
«Бұдан да артық шыңда өлу.
Артық адым баса алмай,
Бұтаға бұғып тасалай,
Күн көру деген азап қой
Өзің бір ерлік жасамай.
Бәрібір өтер бұл жалған,
Өлімнен кім бар құр қалған?
Өлексе жеген үш жүзден
Отызым артық түлкі алған».
Етсе де келер таңды арман,
Шошытты сасып қалған дәм.
Тәкаппар көңіл бүркітің
Бөлініп кетті қарғадан.
Ешқашан биік қонбаған,
Іңкәрлік сезім болмаған
Қарт қарға болса таңданып,
Қарқылдап күліп қалды оған.





Пікір жазу