15.05.2022
  188


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Ұяңнан алыс ұшпаған мен бір балапан...

Ұяңнан алыс ұшпаған мен бір балапан,
Өзіңнен басқа таппаған жылы алақан.
Думанды, шулы тірлікке мені әкелген
Ақ сүтің шығар, жан апам.
Ой салып маған, есейтіп сәтте өтсе күн,
Асықтым алға, ертеңгі таңды көкседім.
Өмірге мені, өмірді маған сүйгізген
Ақ сүтің шығар тек сенің.
Арналған дара махаббат ыстық, зор сенім,
Кеудеде қанша айтуға қиын мөлшерін.
Туған жер деген сиқырлы ғажап топырақ –
Ақ сүтің шығар ол сенің.
Досыма келем адалын сыйлап сезімнің,
Жалғаны болса кешірме менің сөзімнің.
Ақ деген ұғым ұраным менің тәрізді
Сүтіңмен сіңген өзіңнің.





Пікір жазу