15.05.2022
  163


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Бойдағы жігер-күшіңді...

Бойдағы жігер-күшіңді
Біздерге бердің, жан анам.
Кім бәрін соның түсінді,
Не көрдің өзің баладан?!
Еске алсам сені қиналам,
Не алып сенен, не бердік?!
Қанатпен өзің сыйлаған
Жан-жаққа ұшып жөнелдік.
Қоштастық тауып тағы күш,
Мақтанып жүрдің көршіңе.
Сарғайып күту, сағыныш –
Қалдырдық сенің еншіңе.
Көрісіп жүрміз сиректеу,
Жұбатып келіп-кетумен.
Біз үшін кешкен бейнетке
Болған жоқ өзің өкінген.
Үйреніп бала сүюін,
Біздер де ана атандық.
Тек сенде шексіз мейірім,
Бізде бір жатқан қаталдық.





Пікір жазу