15.05.2022
  363


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Анаға сыр

Сағындым, апа, үніңді,
Барып қайтайын деп едім.
Қуанышымды, мұңымды
Оңаша айтайын деп едім.
Сырласып ұзақ отырар
Бойда қуатың бар ма?
Азайып бара жатыр-ау
Жайлы ұғатындар да.
Еріп жүр десем жаныма,
Маған көнбедің бір де.
Қатыгез жандар барына
Айтсам сенбедің мүлде.
Іздеген пайда сүюден,
Баласын басқаға берген,
Кеткелі, апа, үйіңнен
Алуан масқара көргем.
Махаббат жырлап жүректі,
Бақтың ақ гүлін тердім.
Жылмақай, жалған тілекті
Достың сатқынын көрдім.
Кеудемнің шерін бұрқанып
Хатқа жазам-ау кей күн.
Одан соң қайта жыртамын,
Шаршатып алам-ау деймін.
Түсіме еніп шығасың,
Көремін әжімді жүзің.
Әділдік жайын сұрасам,
«Асықпа, – дер едің, – қызым!»





Пікір жазу