15.05.2022
138
Қонақ деп қарамаңдар
Өлкемнің маған да ортақ күз-көктемі,
Төбемде қалықтайды жүз кептері.
Қонақ деп, нәзік жан деп қарамаңдар,
Жаралған жат жұрттыққа қыз деп мені.
Самғатып көңілімнің нұрлы аспанын,
Қуаныш әуенімен жыр бастадым.
Жасымнан туған жердің төрінде өскен
Балауса гүлдерімен сырласқанмын.
Қарсы алам пәк сезіммен әр күнді шат,
Жаяды еркелетіп халқым құшақ.
Өмірім – асау бұлақ, арынды өзен,
Жүрегім тыншымайды толқынға ұсап.
Жеңбейді сәтсіздігім, өкінішім,
Ұмтылам арманыма жету үшін.
Өмірге келгенім жоқ құр сыланып,
Оранып ақ торғынға өту үшін.