15.05.2022
  160


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Жасқұста, сонау нарында

Сусыған төбе де құм, дала да құм,
Келіп тұр күміс құмды аралағым.
Жақсы аға, әуеніндей жас дәуреннің
Жасқұстың көрсетіңіз жағалауын.
Келіп тұр құм сырының бәрін білгім,
Алыста жиі есіме алып жүрдім.
Айдын ба мөлдіреген Жасқұс деген,
Жоқ әлде аңызы ма Нарын құмның?
Дедіңіз: «Сонау бала кезімде мен
Бұл жерде көл болғанын көзім көрген».
Одан соң еске алып тек күрсінесіз
Өткенді қимаған бір сезімменен.
Кетіпті құмға айналып әр ұялар,
Бітіпті шежіреші қариялар.
Құм жатыр бәрін қысып бауырына,
Ол қашан бізге сырын жариялар.
Бейне бір қас батырдай ұйқыдағы,
Құмда да Құрманғазы күй тұнады.
Көзкөрген құлағында жаңғырады
Баяғы аққу-қаздың қиқу әні.
Бір көшкен ел тарихы көшкен құммен,
Не дейді ендігі ұрпақ кештеу білген.
Ізін де Махамбеттің басыпты құм
Жәңгірді хан ордада сескендірген.
Мәншүктей құмда туған жалқылар да,
Жүйелі әңгімеңіз сарқылар ма?
Құм басқан бір төбені шамаменен
Осы-ау деп көрсеттіңіз Алтын Орда.
Ойнайды баяғыша сағым қырда,
Жақсы аға, сол сағымды сағындың ба?
Тарихы жатыр біздің бабалардың
Көмулі түгелімен Нарын құмға.





Пікір жазу