15.05.2022
195
Қысқы жайық
Жайыққа қысқы қараймын,
Емеспін құмар тасқынға.
Кешегі ерке ақ айдын
Көк мұздың жатыр астында.
Жағада тұрмын қызыға,
Көтерер ме екен шананы?
Жылдан-жыл оның мұзы да
Жұқалтаң тартып барады.
Өзімнен ерке аруым,
Ән-жыры болған қаншаның.
Саябыр тартқан ағының,
Айтсаңшы неден шаршадың?
Кемелер өткен ұран сап,
Оларда бүгін не айып бар?
Жүзуді еркін тұр аңсап
Қаңтарған аттай қайықтар.
Ұрпағым аң-таң болады
Айтылған ба деп жай аңыз.
Жалғайды екі жағаны
Шұбалған мұзда жаяу із.
Асауды жегіп шанаға,
Аңқытып Мұхит өлеңін.
Мен болсам, арғы жағаға
Зулап бір өтсем деп едім!