Ұстазға екінші өлең
Алдыңа еркін келдім, жасқанбадым,
Жоқ онда «Әліппеден» басқа арманым.
Жетелеп сен бастырдың алғаш маған
Өмірдің әр күн жаңа баспалдағын.
Бейнеңді мәңгі есіне сақтар бүгін,
Қолыңнан жолдама алып аттанды мың.
Алдың да надандықтан арашалап,
Мені де келер таңға аттандырдың.
Бойыңда бұлағы мол даналықтың,
Мен оны ес білдім де, жаңа ұқтым.
Көп еріп шаршаттым-ау жетегіне
Қоштасып үлгермеген балалықтың.
Сыйлар ем бір өзіңе бар таң нұрын,
Есімің ертеңіме арқау бүгін.
Ақ шашың – кәріліктің белгісі емес,
Ол – менің тентектігім, аңқаулығым.
Сен айтсаң тебіреніп өлке жырын,
Менің де қанаттанды өр көңілім.
Білімнің нәрін құйған алақанға
Аялап қала барды еркелігім.
Өнердің биігіне өрледің де,
Сол шыңның жол нұсқадың төрлеріне.
Ұстаздық мамандықты қаладым мен
Болсын деп бір ескерткіш еңбегіңе.