15.05.2022
  134


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Ауылдың тентек ұлдары

Әр үйдің бір-бір нәні едік,
Ақылға өзге көнбейтін.
Бәріміз онда бала едік
Ұл-қыз деп ешкім бөлмейтін.
Таласа кешіп көлдерді,
Жарыса шаптық жолдармен.
Бұл күнде мінез өзгерді,
Сотқарлық бірдей болғанмен.
Ғашықтық алғаш жырларды
Жазатын бізге арнап көп.
Ауылдың тентек ұлдары,
Кеттіңдер бүгін солдат боп.
Үмітін ақтап атаның,
Жалына тұлпар жеттіңдер.
Толтырып аға қатарын,
Әскерге сендер кеттіңдер.
Қағысып қатар өскен ек,
Ендігі сырды қызғандық.
Қызғалдақ гүлін кестелеп,
Сәлем хат жолдап біз қалдық.
Қол бұлғап шықтық қырларға,
Кең дала жатты жап-жазық.
Шығарып салған ұлдарға
Тұратын болдық хат жазып.
Шығыстың өткір ызғары
Етіктен өте бастады.
Жүрсіңдер ойлап қыздарды,
Елдегі қалған достарды.
Ғашықтық алғаш жырларды
Жазатын бізге арнап көп.
Ауылдың тентек ұлдары,
Қайтыңдар батыл солдат боп.





Пікір жазу