15.05.2022
  156


Автор: Нүсіпбай Әбдірахым

Әртіс пен тартыс

Ауылға Әртіс келді,
Әртіспен бірге ырың-жырың тартыс келді.
Белсенділердің жиналуы тез болды,
Қонақты күтіп алу жайы сөз болды.
Қалақ тұрып: - Мұндай мықты күнде келе бермейді,
Ол келген соң сахнада
Езуі көпіршіп екі сағат сөйлейді.
Сондықтан су көп болу керек,
Бүгінгі күн талабына сай
Арақ-шарап дегенің жоқ болу керек,
- деді.
Жалақ тұрып: - Әй, Қалақ, сен де сөйлейді екенсің,
Көзің бақырайып тұрса да
Ештеңе көрмейді екенсің.
Мұндай адамның алдында
Ағыл-тегіл ас болу керек.
Шипалы шұбат пенен Құйқасы сап-сары болып піскен
Бас болу керек.
Содан кейін...кәнешні...
Есінен айрылғанша мас болу керек, - деді.
Алдыңғы екеуінің де сөзіне қосылмаған
Салақ тұрып: - Бас қатырып жатамыз ба сондайға,
Сол бір жын-сайтандарға
Әткретке бере салсақ болмай ма?
Бас дегенді бастықтар жейді ғой,
Мұндай бақсыларға қой сойып
Құрта береміз десеңіздер мейлі ғой... - деді.
Сонымен ырың-жырың тартыс болды,
Турасын айтқанда
Әлгі теледидардан көретін айтыс болды.
Сөйтіп жатқанда Әртіс кеп қалды,
Белсенділердің арасында
Тағы да тартыс боп қалды.
- Алдынан сен шық!


- Сен шық!
- Мен тоқалдан туып па ем, өзің шық!
- Көзің шықсын...
- Қолтығыңдағы безің шықсын!..
- Үй, әкеңнің...
- Байдан қайтып кеп отырған тәтеңнің...
- Ішіңнің…
- Запыранға ұқсап сарғайып кеткен тісіңнің...
Белсенділердің арасында осындай тартыс болды,
Қып-қызыл айтыс болды.
Тартыс төбелеске айналған соң
Бұғалтыр Бүйректің жүрегі шыдамай
“Қайтыс” болды.
Кеңседе осындай шу болды,
Әртіске барлық дайындалғаны
Жарты шелек су болды.
Халайық жиналған соң концерт басталды,
Әртіс байқұс аш қалды.





Пікір жазу