15.05.2022
  126


Автор: Нүсіпбай Әбдірахым

Өте алмай өмірдің тар өткелінен...

Өте алмай өмірдің тар өткелінен
Еріксіз көз жібердім өткеніме.
Артым соқпақ, алдымда асау тасқын
Шынымен арманына жетпедім бе?
Алдымда асау тасқын, өтемін бе,
Кетем бе әлде тасқынның жетегінде?
Тастан-тасқа соғылып тасқынменен
Беймәлім бір қиырға кетемін де.
Бұлыңғыр өткен күндер, неге адастым,
Қай кезде тура бастым, жаза бастым?
Балалықтан кінәні іздейін бе,
Ол күндер көз ұшында, таба алмаспын.
Қинайды көп істерім өткендегі,
Кінәлі ерте келген көктем бе еді?
Жауқазын жүрегімді жаралаған
Сол жанға деген шексіз өкпем бе еді?
Көп жұлындым, көп жолды шиырладым,
Жеңілдетіп көк сумен қиындарын…
Тыңдамаппын ағаның ақылын да,
Тыңдамаппын құрбының қиылғанын.
Жаңа оянған жас бала көкірегім,
Алабұртам, асығам, өкінемін.
Иесіз жұртта жаутаңдап қалғандаймын.
Жетіп алсам, шіркін-ай, шетіне елдің.
Күтемін бе тасқынның басылғанын,
Қарауытқан көгімнің ашылғанын.
Арғы бетте құлпырып шақырғандай
Бір кезгі арман еткен жасыл бағым.
Тұрғанда жырға толып жасыл бағым,
Мен қалай тағдырыма бас ұрамын?
Тәуекел, толқын мені құшағыңа ал,
Беймәлім болашаққа асығамын.
Алып кет тасқын мені қиырларға,
Үйренгем қақпақылға, қиындарға.
Көп болса толқыныңа тұншығармын,
Жұдырық болсын, мейлі, жығылғанға.
Ойлардан қажысам да кемді-күнгі,
Әлі де жоғалтқам жоқ өрлігімді.
Тағдыр, мейлі, торыңа қыса бергін,
Дүние, ұнатамын кеңдігіңді.
Шаттығын қимадың деп өкінбеймін,
Сыйлай бер, мейлі, тағдыр өтін желдің.
Қолыңнан бермесіңді тартып алам,
Қол жетпес көктегіңді өтінбеймін!





Пікір жазу