15.05.2022
  255


Автор: Нүсіпбай Әбдірахым

Он тоғыз жас...

Он тоғыз жас.
Жадыраған жаздың әсем күніндей
Он тоғыз жыл қалай өткен білінбей?
Орындалмай қалыпты артта қанша арман
Қалған тәтті еріндердей сүйілмей.
Көз жіберсем жүріп өткен жолдарға,
Жастық шағым өткендей ну орманда.
Бірде тура, бірде жаза басыппын
Албырт кеудем алуан ойға толғанда.
Бас айналып таусылмайтын ойлардан
Адасыппын арман деген орманнан.
Сыншыл өмір, тура бастай бермегін
Кейде адастыр,
Өтінемін жолдардан.
Кейде адастыр,
Кейде жалғыз тастағын,
Жолдар, мені қиырларға бастағын.
Алынбаған асулар алдымда әлі,
Мен өмірді жаңа ғана бастадым.
Көрейін мен де бәрін жас шағымда,
Тұрсын, мейлі, қара түн аспанымда.
Жүре алмаспын тік басып даңғыл жолда,
Жүре алмасам иілмей тастағында.





Пікір жазу