Даусың да таныс сүйкімді...
Даусың да таныс сүйкімді,
Естідім қашан күлкіңді?
Жанымды жұмбақ бір сезім
Қытықтап жатыр біртүрлі.
Қай жерде көрдім сені мен,
Шақ па еді мұздақ еріген?
Құлазып жүрген шағым ба
Даңғаза шудан жеріген?
Дос-жар да, жыр да көп мүлде,
Әлдебір сонау от күнде
Бақытқа мас боп жаныңнан
Байқамай өтіп кеттім бе?
Жетегіне еріп қиялдың
Отырмын құшып мұнар мұң.
Қияда мүмкін кездесіп
Қия алмай кеткен шығармын...
Мен емес едім мықтың да,
Ұтылдым ба, өмір, ұттым ба?
Алыстан шаршап қайтқанда
Алдымнан талай шықтың ба?
Арманды күтіп арайлы
Өткіздің бе екен сан айды?
Кінәлап әлі жүрсің бе
Танымай кеткен ағаңды?
Көңілге тәтті мұң сіңген
Кезіңде қажып күрсінген,
Ағаңды сен де сағынып
Еске алып қойып жүрсің бе?
Өзге бір күйді шертелік,
Тағдырың қандай, ерке елік?
Жалыннан жанды шарпыған
Өртеніп барам, өртеніп.