15.05.2022
  138


Автор: Нүсіпбай Әбдірахым

Күйге бөлеп көңілдің күншуағын...

Күйге бөлеп көңілдің күншуағын,
Күлші, жаным, еркелеп күлші, жаным.
Бар дүниені ұмытып бір-ақ сәтке
Толқынына сезімнің тұншығайын,
Күлші, жаным, тағы бір күлші, жаным!
Шытпағайсың томсарып қабағыңды,
Жықпаймын мен ешқашан жалауыңды.
Мұң басқанын өмірде тілемеймін
Осы бір мөлдіреген жанарыңды.
Кім біледі күні ертең не боларын,
Ораларын бұл сәттің,
Жоғаларын?..
Күлші, жаным, бақыттан мас боп жатып,
Мас боп шарап – бақыттан оянайын.
Түскендей дауыл тұрған көлге келіп,
Көзім алды барады дөңгеленіп.
Қолыңды бер, бір сәтке ұмыт бәрін,
Құшағында сезімнің тербелейік.
Есте қалсын осы бір керемет күн,
Ақ жаңбыр да ақырын себелеп тұр.
Құшағыңды аш, сәулешім,
Жалыныңа
Күйіп кеткен мен көзсіз көбелекпін.





Пікір жазу