15.05.2022
  115


Автор: Нүсіпбай Әбдірахым

Қанша уақыт болды саған бармадым....

Қанша уақыт болды саған бармадым,
Күн өтпейді,
Мәнсіз болды таңдарым.
Басқа ешқандай тілек те жоқ бойымда
Сені көру – арманым.
Жаулап алдың менің асқақ жанымды,
Сағындым мен, сені сондай сағындым.
Жанартау ем жатқан көптен булығып
Бұлқан-талқан болып бүгін жарылдым.
Алып көлдің ақтарылған суындай,
Ақ далада асыр салған құйындай.
Алып-ұшып жетем саған,
Жолдағы
Бөгеттердің біріне де бұрылмай.
Айтсын, мейлі ел, аттап кетті ардан деп,
Құлағаны осы биік жардан деп.
Менің мұңшыл жүрегімде жалғыз-ақ
Махаббаттан өзге ештеңе қалған жоқ.
Биіктедім, кеттім әлде еңіске,
Мейлі, үмітім болмаса да жеңісте.
Мен тағдырға бағынбауды ұйғардым
Прометейдей бас имеген Зевске.
Кәрі түсіп жай ойнатқыш құдайдың
Қиналайын,
Құрдымдарға құлайын.
Махаббатым қалса болды жанымда,
Азаптардың барлығына шыдаймын.
Жырым, мұңым – бәрі соның төлеуі,
Қандай бақыт – сені тағы көремін!
Ақ жаңбыр боп жетем дағы жүзіңе
Ақ жанымның сағынышын төгемін.





Пікір жазу