15.05.2022
  151


Автор: Нүсіпбай Әбдірахым

Райымбек батыр кесенесінің басындағы ой

Қорған болып нашарға, мықтыларға кішірмей,
Батыр баба, өтіп ең арыңа дақ түсірмей.
Ұсақталып баратқан ұрпаққа не айтасың
Бұқар жырау жорыған Абылайдың түсіндей.
Қалың қазақ елінің биік бүгін шоқтығы,
Ойламаймыз қай жақтан атады деп оқты кім?
Қара қытай қашанғы саясатын өзгерткен,
Жан алайын деп келген Жоңғар мүлдем жоқ бүгін.
Әйтсе дағы жасырман бет күйдірер ұятты,
Азаматың түгелдік туын тағы құлатты.
Бақталас пен тақталас, алауыздық дейтұғын
Жегі құрты елімді жеп қоятын сияқты.
Қиналғанда қашанда сыйынушы ем өзіңе,
Бір-ақ сәтке, әулием, құлақ салшы сөзіме.
Түйір ақыл кірмеді ұрпағыңның басына
Түссе дағы тағдырдың небір сойқан – тезіне.
Атамекен жат жұртқа кетпесе де қоныс боп,
Алдаспансыз, найзасыз жүріп жатқан соғыс көп.
Қарындастың біразы өзге жұртқа қатын боп,
Қазағыңның жартысы кетті бүгін орыс боп.
Сезіп тұрмын бойыңды буған ыза-дірілді,
Шындық, баба, осындай, мәселе көп түйінді.
Ұрпағыңның жартысы есіміңе сыйынса,
Енді қалған жартысы түсінбейді тіліңді.
Бақа-шаян, жын-жыбыр ұрпағыңнан түңілме,
Қандай ұлт боп шығамыз, кім біледі, түбінде?
Мұсылмандық қалыпты сақтап қап ең жоңғардан,
Саудалап жүр кейбіреу ең аяғы дінін де.
Елге, жерге бөлініп селдіресе қатарым,
Түпсіз сарыуайымның теңізіне батамын.
Жүзге күнде бөлініп жүзім күйіп бітпеді,
Ұтқан жоқпын ештеңе ұлы болып атаның.
Алауыздық – дерт елдің несібесін жеп кетер,
Оны құртпай, білмейміз, қандай сұмдық боп кетер?
Соның бәрін ойласам ақша қуған нөпірге
“Райымбек!” деп айқайлап ұран салғым кеп кетер:
Райымбек!
Райымбек!





Пікір жазу