Наурызбай батыр ескерткіші ашылғанда
Ұрпағының көзіне сонадайдан көрінген,
Өр тұлғасы намыс пен өжеттіктен өрілген.
Батыр баба бүгінде қасқайып тұр қайтадан
Өзі жаудан қорғаған Жетісудың төрінде.
Ала тұлпар астында басылмаған арыны,
Жауға жасын түсірген бойында бес қаруы,
Қайта оралды еліне Шапырашты Наурызбай,
Сүйінші, елім!
Жарылды ақ түйенің қарыны!
Күй кернеп тұр бүгінде тау мен дала, аңғарды,
Жасқанбаймыз қай жақтан кеп қалар деп жоңғарды.
Желбіреді қайтадан Тәуелсіздік туымыз,
Пейілі кең Жаратқан жолымызды оңғарды.
Алда биік мақсаттар, күтіп тұр сан арналы іс,
Көңілде алаң жоқ бірақ,
Бар толқу мен толғаныс.
Қиын кезде жол тапқан Ерін қолдап киесі
Ел ішінде жүр дейді қызылшұбар жолбарыс.
Батыр баба, жауменен арыстандай алысқан,
Құтты болсын ұлы той ел-жұртыңмен қауышқан!
Ұрпағыңды қашанда жебеп жүре берсінші
Қасиетті киеңіз Қарасайдан ауысқан.
Телі менен тентекті шығармастан шашауға,
Жауды қойдай айдаған, бас білдіріп асауға,
Ел мен жерді дұшпаннан сақтап қалған, ер баба,
Ерлігіңе өлшеусіз қарыздармыз қашанда.
Мұнартады асқар тау, өзің жүрген құба бел,
Құба белде қайтадан ынтымағын құрады ел.
Батыр баба, осынау асқақтаған қалпыңда
Ұрпаққа ұран, сырт елге айбар болып тұра бер!