15.05.2022
  140


Автор: Нүсіпбай Әбдірахым

Түс

Аттан!
Аттан!
Өрт алыпты төр алдын,
Судай аққан қызыл қаны баланың.
Жүрегімді тілімдейді жоқтаған
Балаларын қаралы үні ананың.
Ұйқымнан шошып ояндым.
Қаралы сол бір жылдарға
Қайтадан бүгін оралдым.
...Кең далам екен. Өз далам екен таптаған жаудың тұяғы,
Қан болып аққан күлімкөз мөлдір бұлағы.
Қолаңшаш менің қарындастарым кетіпті жаудың қолында,
“Аттандап!” бүгін түсімде қатты жыладым.
Жыладым бүгін,
Жылаулы жұртты көргенмін,
Сауыққой жұртым болыпты қатты сергелдең.
“Арыма жаным садаға” дейтін намысқой
Қазақтар, батыр ұлдарың қайда сендердің?!
Үрейлі дүбір... Қалың жау шапқан андыздап,
Қамады жалғыз батырды жүрген алғызбай.
Шар та шұрт, басы домалап түсті дұшпанның,
Өзі де өлді.
Өлтірді дұшпан жалғыздап.
Тағы да дүбір...
Дүбірлеп кетті кеудем де,
Лап қойған кекшіл батырлар қолын көргенде.
Ал, енді, қане, айқасып көргін жауыздар,
Даламыз біздің мола боп қалсын сендерге!
Қозғалды жұртым, қылыштар кекпен сермелді,
Дауылды күнгі теңіздей мен де тебірендім.
Кеше гөр мені, бабалар, тусам сол кезде
Тоспас па ем жаудың оғына мен де кеудемді.
Кінәлай көрме, бабалар, тағы жыладым,
Шаттықтан, әне, дұшпандар жүздеп құлады.
Боркемік, жасық демеңдер ақын ұлыңды
Қайғыңа сенің қайысып кеткен шығармын.
Не сыр бар сенде тұнжырап тұрған обалар,
Не үшін сені тұрғызды асау бабалар?
Кімдерді үнсіз бауырыңа басып жатырсың,
Жазира далам, жер болып кеткен молалар?..





Пікір жазу