15.05.2022
278
Қыз күлкісі
Елең қылмай ызғарлы күздің өтін,
Сидаң бақта жалаңаш біз білетін, –
Ай нұрына ақ жүзін аймалатып,
Еркелеу бір елітіп қыз күлетін.
Жеп-жеңіл ол мінезді мақпал делік,
Тап-таза ол тұрғандай қапталда елік.
Көңілімнің төрінен көрсе қызар,
Оянатын ой бұзып жатқан желік.
Иеленіп жүргенде дара бақты,
Қайран мезгіл қайырыла қарамапты, –
Қыз күлкісі біртіндеп салқын тартып,
Сосын өзі алыстап бара жатты.
Сол Ай қалды, сол бақ пен қалды түн де,
Үміт артып үркердей алғы күнге.
Сартап болған сағыныш санаға ұрып,
Сары уайым салмағын салды кімге.
Ауыр тартқан ағаштың сыз білегі,
Сондағыдай сидаң бақ, Күз күні еді, –
Ай нұрына ақ жүзін аймалатып,
Бейтаныс бір елітіп қыз күледі.