15.05.2022
164

Мазалайды беймаза ой шалды шыңдап...
Мазалайды беймаза ой шалды шыңдап,
Қалай ғана жел кезген қалғысын бақ.
Көкте ойнаған көгілдір ұшқын көрдім,
Əлдебіреу жатқандай шалғы шыңдап.
Ат жақты Айдың сəулесін тізгін делік,
Қыздырмайды қанымды ызғын желік.
Қанатынан қайырылып жаз құлады,
Құшағына қызусыз күздің келіп.
Төңкерілген таз төбе құла құмда,
Ұмыт қалған ұсқынсыз тұмағым ба?
Жабырқаулау күй кешем кер жалғанның,
Жарық қамыс екенін ұғамын да.
Қараңдайды шөмеле шөккен түйе,
Сеуіп жатқан секілді көктен күйе.
Жылытады тұмсығын шөпке тығып,
Үйірінен бөлініп кеткен бие.
Арығаны сияқты нулы жердің,
Жорығанда демессің туды көр күн, –
Тастай батып ұйқыға, түсімде мен,
Сүмбіледе суыған суды көрдім.