Алакөл
Алакөл айшықтанып ай қабақты,
Сілемді тау етегін жайлап апты.
Мен болсам толқып тұрдым жағасында,
Сен болсаң əңгіме еттің қайдағы ақты.
Көл жатыр кілкіме бет күлгінделіп,
Қырандай со көріністі ілдім келіп.
Тынысын тіршіліктің таң үрледі,
Сонымен сен бір сырды білдің делік.
Жығылып-сүріндім деп жырдан безбе,
Қам тірлік барын білем ұрған көзге.
Күпірлік ете алмаймын күстəналап,
Жарығы Жаратқанның тұрған кезде.
Жаныма мезгіл салған нала емес пе,
Ілесіп келген еді бала көшке.
Қасқа жол қом арқандай қыр байланған,
Құрт дəмді қу тірлікті салады еске.
Күн шықты күміс жалды күрең қасқа,
Қан қызыл нұр жүгірді рең басқа.
Жанымды желпіп өтті періште жел,
Тірліктен түңілердей тұр ем баста.
Дегендей бастан ауды бір сын, міне,
Құмдақты жағалауда тұрсын күле.
Жайсыздау ақ жал толқын аунап түсті,
Сүлеймен – су иесі күрсінді ме?