Менің мұңым...
Кірпігін көтерместен қыраулы күн,
Барады көшіп көкте тыраулы мұң.
Ап-ауыр қорғасындай бұлт басып,
Аспан да аласарып тұр-ау бүгін.
Беймезгіл қарқылдаған қарға үміттен,
Ырысым ыдыс жұқты бар ма күткен, –
Жападан жалғыз тамда жатып алдым,
Жантақтай жан баспайтын жарға біткен.
Кезімде қам көңілім жарға ашынған,
Бақ құсым кеткен ұшып бар басымнан.
Қап қара құйын со-н-а-ау көкжиекте,
Адамдай шайқалады дарға асылған.
Түсетін кез де келер ақыр көрге,
Бұйыртып бақты емес, бақырды ерге.
Жел қаққан сар жапырақ сағыныштай,
Қалбақтап қонып, əне, жатыр жерге.
Біз мұны жаны мұңды бейне делік,
Шым-шымдап сыр тартатын кейде келіп.
Қалыпты қалы кілем күйе жеген,
Көңілді қырық құрау жей ме желік?
Бітпейтін өмір, білем, ұзақ сарын,
Беріп тұр сызды аспан Күз ақпарын.
Дүние түсінер ме екен менің,
Жанымда жалған салған сызат барын.