15.05.2022
166
Мамыр - май
Не деген мына мезгіл сабырлы еді,
Тынысын тіршіліктің таң үрледі.
Мөп-мөлдір мойыл аспан көзін тіккен,
Жаз деген жарқын айдың Мамыр меңі.
Мама қаз мақпал бауыр бұлт та ұшпа,
Көзге ұрар құбыла жақ тұрып тұста, –
Құлындай тағдырыма ұқсап кетті,
Тастайтын, бірақ, оған құрық қысқа.
Қаран су қаптай керіп қырат-қырды,
Ылдиға ыспа басын бір-ақ бұрды.
Сусамыр таз тақыр да мауқын басып,
Жыпық көз маубас бала жылап тұрды.
Меңі бұл жаз айының Мамыр атты,
Қоя тұр тықпаламай, тамыр, ақты, –
Алты ай қыс көгендеулі жəудір жанар,
Сағыныш қозы-лағын жамыратты.
Күн өткен кіді мінез қыс қамықты,
Тезіне салған білем ұста мықты.
Қу тірлік көз алдыма келтіреді,
Күрмеуге келмей-тұғын қысқа жіпті.