15.05.2022
  242


Автор: Аманхан Əлімұлы

Темір жолдың бойында өскен қайың...

Темір жолдың бойында өскен қайың,
Сезіліп тұр беймаза кешкен жайың, –
Тыныс кеміп, тамырың тартылады,
Составтардан бір екпін ескен сайын.
Солқыл сорған жаныңды көп мұң басты,
Сары ауру жапырақ төктің жасты, –
Айдар болып тағылмай айдалаға,
Жолаушыға қызмет еттің басты.
Жаңбыр шайып, жел қаққан кездерінде,
Сүттен құйған мүсіндей көз көрімде, –
Тұрдың салқын сыланып сұңғақ бойлым,
Бір тал шаштай телінген өзге өрімге.
Бунақ-бунақ, буынды толқын ғалам,
Өзгелерден қарайды салқын саған, –
Көтертпейді еңсеңді ертелі-кеш,
Шойын темір бір тынбай солқылдаған.
Көрмеген-ау, бақ-айың жанып тегі,
Пойыздағы аңғарсын халық нені, –
Білегіңді созасың терезеге,
Кет дегендей біреуің алып мені.





Пікір жазу