15.05.2022
143
![](/uploads/shorttexts/author_image/amanhan-lim-800x480.jpg)
Ай
Ақ сəулеңнен бөленген сəнге белең,
Бүгінгі түн, шіркін, Ай əңгелек ең.
Ішін тартып ұлиды саған қарай,
Шелекбас ит қамыққан əлденеден.
Иттің бұлай ұлуы емес тегін,
Көз алдына кім болып елестедің, –
Тұрдың ба, əлде, теңселіп көк төсінде,
Жұлып кеткен қайықтай жел ескегін.
– Келе жатқан секілді анталап мұң,
Батқан еді бағана қанталап Күн, –
Күшігіндей жоғалған көрінді ме,
Ұлуын-ай, – деді қарт – зəнталақтың.
Тары жұлдыз себілді көк төсіне,
Түсіретін түбегей жоқты есіңе.
Сынап сынды сырғыған сыралғы Ай да,
Көнбіс түннің кепілдей өтпесіне.
Ашпай-тұғын бір мезгіл сырды ұштығып,
Болмас мыстан сияқты тұрмысты ұғып.
Мен де итше жер тырнап ұлыр едім,
Көмейіме түйткіл тұр қыстығып.