15.05.2022
165
Ініме хат
Желбас-ай, таппадың ба басқа амалын,
Ұрда-жық мінезіңнен жасқанамын.
Мəскеуде түсті есіме əлдеқайдан,
Атамның тамын бұзып тастағаның.
Көңілдей алаңдаулы үш қараға, –
Жазды алып қанатында құс бара ма?..
Сүндетке отырарда есіңде ме,
Ұрлана қарағаның ұстараға.
Қалғасын көңіл деген қамбасында,
Қу жүрек жалын атып жанбасын ба?
Төсеніп жата-тұғын көлеңкесін,
Өсетін кəрі жиде там қасында.
Көнтері қалыппенен имедің бе,
Жамбасы жер иіскепті жиденің де.
Қоржын там салып алып жатсам деймін,
Өзіммен-өзім қалып күйгенімде.