Қолтықтағы ауыл
Берместен, Сырдың бойы, шыдас мұңға,
Қаңтарға қара суық ұластың ба?
Секілді алтын түйме жылтырайды,
Жанары шақпа шоқтың күл астында.
Тіршілік тұр беймаза толқып тағы,
Алдынан үш тарамыс жол шыққалы, –
Түсерін қайсысына жатыр білмей,
Қояндай бұққан ауыл қолтықтағы.
Кеселі қоздағандай ұстамалы,
Қойды-ау, ашылмастан қыс қабағы.
Тұр, əне, салқын сəуле себезгілеп,
Аспанның алабажақ мыс табағы.
Күннің, бұл, сабау кірпік зорлығы ма,
Жылан көз айналаға торды құра, –
Қанталап қарашығы батты барып,
Жабады ысты ымырт сорды, мына.
Сор дейтін сор да емес, сортаң ғана,
Күлетін артын ашып ортаң бала.
Қар алмай қара суық басын, қалқам,
Қыс қой деп қызылсырап шолтаңдама.
Өзің біл келістің бе, керістің бе,
Дүние өтер-кетер ер үстінде.
Қолтықта ауыл жатыр алқам-салқам,
Ұқтырып тірлік барын жер үстінде.
II
Ішектей шыбын шалып ызың қашқан,
Боран ұлып, бозы ұшқан бұзылды аспан.
Сабанға орап сақталған сандықтағы,
Жуылмаған аумайды жүзім жастан.
Əжім түсіп жүзінен əр тайған-ау,
Тозған таға секілді жарты Ай да анау.
Болар-болмас болымсыз қозғалады,
Буыны босап, болмаса, қартайған-ау.
Бозінгендей боздаған борықтағы,
Жаман екен көңілдің торыққаны.
Ішін тартып ұлыған жел құбырда,
Мысалы, бөрі ойлаған жорық қамы.
Басы боран болғанмен арты тамыз,
Мезгіл деген міндетті ар тұтамыз.
Алты қанат ақ үйде жатар-жатпас,
Шоқ пен мұздай сезімдер шарпысамыз.
Аумайды қыс Құданың ноқтасынан,
Көк теңіздей көңіл де жоқ тасыған.
Қас-қабағын қонақтың бағып-қаққан,
Шыға алмай жүр бəйбіше от басынан.