15.05.2022
  142


Автор: Аманхан Əлімұлы

Аңсау

Ауылдан сен де кеттің, мен де кеттім,
Мысалы, күйін кешіп дөңгелектің.
Жықпылда жығып кетті жыңғыл атым,
Жəне де жоқ сондағы желдегі екпін.
Бəрібір шыж-быж болып тызылдайын,
Райы жанымыздың бұзылды, айым, –
Құм жұтқан керуендей со... о... н... ау жылғы,
Із-түссіз кетпесек те ізім-ғайым.
Ұзаққа барам деуші ем майда бастап,
Бұйырар қазан түбі қайда қаспақ.
Мен жүрсем ауылды ойлап, енді біреу,
Көңілді жүр ат жақты Айға тастап.
Жекендей жаңа жұртта жүрем желіп,
Алды ғой иемденіп бір өңді Елік.
Тимеген жүген-құрық əлгі Айды,
Қоп-қою құйрық-жалды күрең делік.
Ай алыс, ауыл да алыс оралатын,
Келтірмес оралуға орама күн.
Ағатын ағыл-тегіл оңашада,
Сағыныш қойдым содан сорам атын.
Қап қойған əңгелектей қауындықта,
Парқын пайымдасаң қауым мықты, ə!
Біз болсақ не анда емес, не мұнда емес,
Емеспіз қалалық та, ауылдық та.
II
Күздің соққан мезгілсіз жел жүрегі,
Əлібімен, өзіме, келді реңі.
Бақтан көріп баласын ауылымның,
Ет-жүрегім еріксіз елжіреді.
Не жайларды есіме салады елден,
Құлын-тайдай құлдырап дала, белден, –
Қауынқақтай күн қақты мына бала,
Ауыл демін қалаға ала келген.
Кеп қалдың ба, мықты бол, жүр ең түзде,
Қалалықтан басқалау рең бізде.
Сені көріп сезіндім, жалғыз үйрек,
Емесімді жалқы ұшқан күрең күзде.
Сүріндірер сүреңсіз қайқаң белде,
От жалыннан жаралған шайтанға ерме, –
Аңғал-саңғал ауылды алаңдатар,
Тас лақтырған бұзықтай бейқам көлге.
Сен де ауылдан, сонан соң мен де ауылдан,
Желпілдейді етек əм жең дауылдан...
Сəл-пəл мұңлы болмасақ, тас қалалық,
Еш жеріміз жоқ біздің кем қауымнан.





Пікір жазу