15.05.2022
137
Жалғыз тырна
Жүректен желең желдей өткіземін,
Жанымның жабырқаулы жеткіз емін.
Жападан-жалғыз қалған сырық мойын,
Ақ тырна, айтшы қайда бет түзедің?
Түсіңе қарап тобың шеттетті ме,
Барасын түстік тұсты беттеп, міне.
Тобырға қосылмайтын қосы түзу,
Тағдырың əлде ерекше текті етті ме?!
Жалғыздық о бастан-ақ бұйырған ба,
Сіңісті болып бойда түйір қанға?..
Өзіммен-өзім қалып сені ойлаймын,
Кеудені жүрек, шіркін, жиі ұрғанда.
Ұқсайды мұңды мезгіл түзді асқанға,
Су бетін жылан қабық, мұз басқанда, –
Қоштасып бара жатсың қонысыңмен,
Сынап түс сына қағып күзгі аспанға.
Кіді Күн иек артып тоят қырға,
Сағымды сары түске бояп тұр ма?
Жападан жалғыз-жарым сыздай-тұғын,
Жаныма ұқсап кеттің, ей, ақ тырна.